СҚО-да тасқын су электр бағандарын құлатып, бір ауыл жарықсыз қалды

СҚО
Фото: Рixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Жаңаталап ауылы қарғын су мен мұздың салдарынан электр қуатынсыз отыр. 

СҚО әкімдігінің мәліметінше, алқаптан келген қарғын су жоғары вольтты электр желісінің 4 бағанын құлатқан. Салдарынан 89 тұрғыны бар Жаңаталап елді мекені жарықсыз қалды. Ауылды электр қуатымен қамтамасыз ету мүмкін емес, бағандар су астында жатыр.

Петропавл қаласынан оқиға орнына «Солтүстік-Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ бас инженері аттанды. Істен шыққан желіні жөндеу немесе оны 10 кВт режимде басқа желіге қосу жоспарланған. 

«Сергеев су қоймасынан тасыған су мен мұз қатты ағыспен келіп, электр тарату желісі бағандарын құлатып жатыр. Қазіргі уақытта осындай 11 бағанның құлағанын тіркедік. Салдарынан Шал ақын ауданындағы Жаңажол, Кеңес, Жаңаталап ауылдарынан 200-ден астам тұтынушы электр қуатынсыз қалмақ», - деді «Севказэнерго» АҚ баспасөз хатшысы Динара Ходжаева. 

Бұған дейін бірінші вице-премьер Роман Склярдың стратегиялық нысан «Қызылжар су» серіктестігінде болып, су тасқынына дайындығын тексергенін айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар