СҚО-да тасқынға байланысты бір айға жуық жабық жатқан республикалық жол ашылды

Жол
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар А-16 «Жезқазған-Петропавл» автожолының 871-873 км жөнге келтіріліп, көлік қатынасы қалпына келді.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл өзенінің тасуына байланысты 9 сәуір күні «Жезқазған-Петропавл» автожолының 2 шақырымын Есіл ауданы Покровка елді мекенінің маңында су шайып кетті. Ағыстың қаттылығынан жол жабындысы бүлінді. Автожолды одан әрі бүлінуден және Покровка елді мекеніндегі тұрғын үйлерді судың басуынан сақтау үшін жолды бұзып, суды өткізуге шешім қабылданды. Жырындының ұзындығы 170 метр болды.

Қазіргі уақытта жолды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жолдағы ойықты жабуға 15 мың тонна тас төселді.

«5 мамыр күні сағат 23.55-те республикалық маңызы бар А-16 «Жезқазған-Петропавл» автожолының 871-873 км-дегі шектеу барлық көлік үшін алынды. Бірақ ол жерде қазіргі уақытта реверсивті қозғалыс қалыптасқан. Тиісті жол белгілері қойылып, жол полициясы қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Бұл учаскеде жұмыс әлі аяқталған жоқ. Жолды қалпына келтіруге 13 арнайы техника жұмылдырылған», - дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ СҚО филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаев.

Бұған дейін СҚО-да су тасқынында зардап шеккен балалардың республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына барып демалатынын айтқан едік

Соңғы жаңалықтар