СҚО-да тасқыннан зақымданған үйлердің жартысына жуығы апатты деп танылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында тасқын кезінде зақымданған үйлерді техникалық тексерудің алдын ала қорытындысы шығарылды.

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бүгін Ойқала, Былғары, Заречное ықшам аудандарындағы, Тепличное, Прибрежное ауылдарындағы мехбригадалардың жұмысын көрді. Қазіргі уақытта бұл елді мекендерде зақымданған үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сапар барысында зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, елді мекендерге бекітілген аудан әкімдері орынбасарларының есебін тыңдады. Өңір басшысы барлық жұмысты сапалы әрі уақытында атқаруды тапсырды. 

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

«Бүгінгі таңда облыстағы үйлерді бағалау және техникалық зерттеуден өткізу бойынша барлық жұмыс аяқталып, тұрғындарға құжаттама беріліп жатыр. Зақымданған тұрғын үйлерді тексерудің алдын ала қорытындысы шығарылды. Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде 3 898 үй зардап шекті. Салдарынан облыстағы 1720 үйді қалпына келтіру мүмкін емес. Баспаналары апатты деп танылған тұрғындар үшін Солнечный-2 шағын ауданында 520 үй салынып жатыр. Барлығы 700 үй тұрғызылады. Бұдан бөлек осы күні 87 пәтер сатып алынды. Солнечный-2 шағын ауданындағы жаңа баспанаға да 130 өтініш қабылданды», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Облыста 2178 үй жөнделеді. Қазіргі уақытта 270 үй иесі механикалық бригадалардың көмегімен үйлерін жөндеуге келісті. Бұл жұмыс жалғасады. Қазір 136 үйде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1055 үй бойынша зардап шеккен тұрғындарға өз күшімен үйді жөндеуге төлемдер жасалмақ. 

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Президентке су тасқыны салдарын жою жұмыстары жөнінде есеп бергенін айтқан едік.