СҚО-да тасқын судан зардап шеккен 35 мың адам сыятын 325 пункт әзірленді
СҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, өңірде алты мыңға жуық тұрғыны бар 79 елдімекенді су басуы ықтимал.
Оның 30-ы өзен суының көтерілуінен, 13-і көлдердің толуынан және қалғаны еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін.
«Соңғы жылдары көктемгі су тасқынының зардабын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. 160-тан астам елдімекеннен су басу қатері алынды. 13 су өткізу құбыры орнатылды, су басуға аса бейім учаскелерде 119 км астам топырақ үйіндісі және 7,5 км қорғаныс бөгеті салынды», - дейді Мұрат Қанғожинов.
Су тасқынымен күресу үшін облыста құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған 484 адам, 155 техника, 8 жүзу құралы және 83 мотопомпа әзірленді.
Жағдай күрделенер болса жергілікті атқарушы органдардан қосымша шамамен 1900 адам, 1473 техника, оның ішінде 316 су сорғыш техника және 57 жүзу құрал ы тартылады.
Көктемгі су тасқынымен күреске 190 тонна жанар-жағар май, 32,4 мың тонна инертті материал және 27,8 мың қап әзірленді.
Бүгінге дейін елдімекендерден 1 млн 900 мың текше метр қар шығарылды, 1300-ге жуық су өткізу құбыры тазартылды. Өзендердің проблемалық учаскелерінде жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көктемгі су тасқынында зардап шеккен тұрғындар болып жатса, олар уақытша 325 пунктке орналастырылады.
Арнайы жарақтандырылған орындарға 35 мыңнан астам адам сыяды.