СҚО-да телемедицина саласына қатысты қанатқақты жоба іске қосылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындары енді қашықтан сапалы медициналық көмек ала алады. Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен медициналық пилоттық жоба іске қосылды.

қанатқақты
Фото: СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру үшін 2023 жылдың маусымында Франция үкіметі 650 мың еуро көлемінде грант бөлді. Бағдарлама ауыл тұрғындары үшін бейінді медицина мамандардың кеңесі қолжетімді болуын мақсат еткен.

Ғинаят
Фото: СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі

Француз телемедициналық жабдықтарын салтанатты түрде пайдалануға беру іс-шарасына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов қатысты.

«Ауылдық жерлерде дәрігерлердің жетіспеуіне байланысты осындай қашықтықтан көрсетілетін медициналық көмектің түрлерін, телемедицинаны дамыту қолға алынды. Денсаулық саласын дамытуда нәтижесі болса, бұл жобалар ары қарай таратылады», - деді министр.

ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының 101-тармағын іске асыру аясында медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту туралы СҚО әкімдігі мен «C3 Medical» француз компаниясы арасында меморандум жасалды.

Француздық «С3 Мedical және HopiMedical компаниялары жобаға қажет жабдықтарды жеткізді. Нәтижесінде СҚО-ның шалғайдағы 16 емдеу мекемесіне 16 limstar телеконсультациялық арбасын және олармен байланысты диагностикалық аспаптарды орнатты.

медицина
Фото: СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі

Енді ауыл дәрігерлері Петропавл қаласының екі облыстық көпсалалы ауруханасының бейінді дәрігерлерімен медициналық кеңес алу үшін байланысқа шыға алады. Бұл технологияны 115 мыңнан астам ауыл тұрғындары пайдалана алады.

Қондырғы жоғары сападағы бейне режимде кеңейтілген клиникалық тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Ол ЭКГ, ультрадыбыстық сканер, дерматаскоп, қол камерасы, отоскоп және стетоскоп сияқты әртүрлі медициналық датчиктермен жабдықталған.

Жоба аясында медициналық және фельдшерлік бригадалар қолдау тауып, білімдерін жетілдірмек.