СҚО-да теміржол тұйықтарында қысқа арналған 38 мың тонна көмір тұр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көмір биыл да қымбаттамайды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындарды қысқа ерте бастан қамдануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыстағы бюджеттік мекемелер 73 мың тонна көмір әзірледі. Бұл - бар қажеттіліктің 51%. Әзірге жоспарға сай келеді. Көмір бағасы екі жылдан бері өзгерген жоқ. Қадағаланып, қымбаттатуға жол берілмейді.
Ал жеке секторда тұратын облыс тұрғындары жылына 380 мың тонна көмір пайдаланады. Олар арқаны кеңге салып, қысқы жылыту маусымына дайындалуға асығар емес.
«Қазіргі уақытта тұрғындар 90 мың тоннадан сәл асатын көмірді сатып алған. Бұл небары сұраныстың 20% ғана. Сол себепті жұртты күз бен қысты күтпей, осы бастан қамдануға шақырамын. Қазір облыстың теміржол тұйықтарында 38 мың тонна көмір жатыр», - дейді Құмар Ақсақалов.
Биыл өңірдің 5 ауданындағы 53 екі қабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылады. Бұл үйлердің 2 мыңнан астам тұрғыны бар.
«Айыртау, Ақжар, Есіл және Шал ақын аудандарында биомассамен жұмыс істейтін қазандықтар орнатылады. Олар өте үнемді. Қазір бірнеше жыл бұрын жылыту желісінен ажыратылып тасталған көп қабатты үйлерді қосу үшін жөндеу жұмыстарын бастадық», - дейді өңір басшысы.