СҚО-да тіркеуі жоқ екі мылтығы бар мотоцикл жүргізушісі полициядан қашып құтылмақ болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мотоциклмен заңсыз қару тасымалдаған ауыл тұрғынын ұстады. Ер адам рейдте жүрген тәртіп сақшыларынан қашып кетпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да тіркеуі жоқ екі мылтығы бар мотоцикл жүргізушісі полициядан қашып құтылмақ болды
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 шілдеге қараған түні учаскелік полиция инспекторлары Қызылжар ауданы Долматово ауылының маңында жұмыс істеп, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын және «Рөлде ұйықтау» акциясына қатысқан. Бір сәт олардың назарын ауыл жолында кетіп бара жатқан мемлекеттік нөмірі жоқ Орал мотоциклі аударды. Көлік шамдарын сөндіріп жүрген.

Қызметтік көлікті көрген кезде жүргізуші жолдан шығып, жасырынуға тырысқан. Тәртіп сақшылары оны Долматово ауылында тоқтатты. Тексеру нәтижесінде рөлде отырған 42 жастағы аудан тұрғынының тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Мотоциклді тексеру кезінде учаскелік инспекторлар көліктен оптикалық көздеуге мүмкіндігі бар 5,6 мм калибрлі екі тіркелмеген ТОЗ-18 мылтығын тауып алды.


«Ауыл тұрғынының айтуынша, ол бұл қаруларды тауып алған. Ақпараттың растығын тергеу анықтайтын болады. Қаруды тасымалдау фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тәркіленген қару бойынша сараптама тағайындалды.

Сонымен қатар ер адам көлік құралын тиісті құжатсыз басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Мотоцикл арнайы автотұраққа қойылды.

Естеріңізге сала кетейік, тіркелмеген қаруды сақтамай ерікті түрде тапсыру жауапкершіліктен құтқарады», – дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рустам Садулов.