СҚО-да төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратушы жазаланды

Полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қатысты жалған ақпарат таратып, халық арасында дүрбелең тудырушылар жазаланып жатыр. Полицейлер облыс тұрғындары мен қонақтарынан тек ресми ақпаратқа ғана сенуді сұрайды.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, TikTok әлеуметтік желісінде Петропавлдағы су басқан Ойқала ауданында сумен бірге қасқырлар мен жабайы қабандар пайда болды деген хабарлама шықты. Полицейлер жалған ақпарат таратушыны тезарада анықтады, ол — 20 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты.

Сол шамалас тағы бір бойжеткен дәл осы әлеуметтік желіде тасқын судан екі бала қайтыс болды деген жалған ақпарат таратқан.

«Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратушылардың екеуіне де қатысты әкімшілік материал жиналады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 456-2 бабының 3-бөлігіне сәйкес „Жалған ақпарат орналастыру, тарату“ бойынша 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады», — деп хабарлады СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мамандары.

Бұған дейін СҚО-да бір тәулікте 400-ден астам тұрғын үйдің су астында қалғанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар