СҚО-да трассаны қар басып, жолаушылары бар автобус жолда қала жаздады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 1200-ден астам автожол тексеріліп, қыс мезгілінде күтіп-ұстауға қатысты 150-ге жуық олқылықты тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ойдым-ойдым шұңқырлар, қатып қалған мұз бен үйілген қар жол қозғалысына қауіп төндіреді. Қысқы кезде жолдың сапасын бақылаумен әкімшілік полиция айналысады. Жол және коммуналдық қызметтермен бірге тұрақты негізде жолды тексереді. Олқылықтар анықталған жағдайда оны жоюға қатысты шаралар қабылданады. Жолдарды күтіп-ұстау бойынша талаптарды орындамаған жағдайда жауапты тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Мәселен, Жамбыл ауданының аумағындағы «Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл» автожолындағы учаскені қар басып, жолаушылар автобусы тұрып қалған. Полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері бірден тиісті шаралар қолданды. Жол қардан тазартылғанға дейін автобус Жамбыл ауданына жіберіліп, жолаушыларға ыстық тамақ берілді. Мердігер ұйымның жолға жауапты қызметкері қарды уақтылы жинамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ аудан орталығы Тайыншада және Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде жолды уақытылы қардан ашпағаны үшін жауапты адамдарға айыппұл салынды.

«Қаңтар айы басталғалы 1200 км-ден астам автожолға 109 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 148 кемшілік анықталды. Оларды жою бойынша 97 ұйғарым шығарылды. Жолды тиісті күтіп-ұстамағаны үшін 19 адам жауапкершілікке тартылды», - дейді СҚО Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясының бөлім бастығы Назар Байматов.


Соңғы жаңалықтар