СҚО-да туберкулез жұқтырған 170 науқас үй жағдайында ем қабылдап жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Заманауи тәсілдердің арқасында ауруды емдеу мерзімі қысқарып, пациенттердің бір бөлігі ем-домды амбулаториялық, яғни үй жағдайында алатын болған.
Солтүстік Қазақстан облысы фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, қазіргі диагностикалық әдістер ауру қоздырғышының дәріге сезімталдығын анықтауға және соған сәйкес тиімді емдеу схемасын таңдауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда туберкулезді диагностикалау және емдеу, сондай-ақ науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі аясында тегін жүргізіледі.
СҚО-да 2025 жылдың мамыр айынан бастап дәріге төзімді туберкулезді емдеуге арналған алты айлық BPaLM/BPaL режимдері қолданылып келеді. Осы емдеу схемалары бойынша 17 науқас ем қабылдаған. Оның ішінде 13 адам емдеу курсын толық аяқтап, «сауығу» нәтижесіне қол жеткізіп, толық сауықты.
Мамандардың айтуынша, жаңа тәсілдердің негізгі артықшылықтарының бірі - емдеу ұзақтығының қысқаруы және инъекциялық препараттарды ұзақ уақыт қолдану қажеттілігінің азаюы.
Дерттен айығып кету үшін дәрігер тағайындаған емдеуді дер кезінде бастау және курстан толық өту шарт. Науқастың жағдайы жақсарса да, ем-домды үзбей соңына дейін жалғастыру керек. Дәрігерлер емдеу барысында науқастың жауапкершілігі маңызды екенін айтады. Дәріні қабылдау уақытын өткізіп алу, емді мерзімінен бұрын тоқтату немесе дәрігермен кеңеспей емдеу схемасын өзгерту терапияның тиімділігін төмендетіп, ауру қоздырғышының дәріге төзімділігін қалыптастыруы мүмкін.
Осыған дейін СҚО-да биыл туберкулезбен ауырудың 70-ке жуық жаңа жағдайы тіркелгенін жазған едік.