СҚО-да туберкулезбен ауыратындар саны азайып келеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында туберкулез ауруын жұқтырғандар саны азайып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, былтыр өңір республика бойынша туберкулезден көз жұмғандар саны бойынша 1-орынға шықты. Алайда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Былтыр осы аралықта қауіпті дертті 223 адам жұқтырса, биыл туберкулезге шалдыққандардың қатары 25% төмендеп, 156 адамды құрады. Жалпы қазір мамандардың есебінде туберкулездің ашық түрімен ауыратын 478 адам тіркеуде тұр.

«Туберкулез – емі бар ауру. Жұқтырдым екен деп қорықпау қажет. Туберкулездің жеңіл формасы 6-8 айдың ішінде емделеді. Асқындырып алған жағдайда емделуге 20 айға дейін уақыт қажет. Сондай-ақ, бұл аурудың ашық және жабық формалары болады. Жабық түрі басқаларға жұқпайды, оны емханада дәрігер нұсқауларын алып үйде емделесіз», - дейді облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігер-фтизиатры Әсел Бақтыбаева.

Сырқаттардың тез сауығып, қатарға қосылуына олардың өмірге деген құлшынысы әсер етеді екен. СҚО-да туберкулез жұқтырғандармен жұмыс істейтін «Сенім-Солтүстік» қоғамдық бірлестігі бар. Бұл жоба өңірде бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Мамандар сырқаттарға негізінен психологиялық көмек көрсетеді екен.

«Туберкулез жұқтырған адамдардың көпшілігі өмірден түңіліп, сары уайымға салынады. Салдарынан ем-дом нәтиже бермеуі мүмкін. Сол себепті науқасқа дертті жеңу үшін көмекшілер қажет. Біз мұндай азаматтарға қолғабыс көрсетеміз. Психологтар өз кеңестерін береді», - дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Елена Құсайынва.

Қоғамдық бірлестіктің мамандары пробация қызметімен де байланыс орнатқан. Былтыр жылжымалы рентген ұйымдастырып, бұрын сотталған 64 адам тексерілді. Олардың төртеуінен туберкулез анықталды.



Соңғы жаңалықтар