СҚО-да туберкулездің ашық түрін жұқтырған бала екі апта мектепке бармаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Новоишимкадағы №1 орта мектепте туберкулездің таралуына жол бермеу үшін тиісті қауіпсіздік шаралары қолға алынған.

мектеп
Фото: Үкімет

СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, қазір бұл мектепте 939 бала білім алып жатыр. 112 педагог және 25 техникалық персонал бар. Бала 29 сәуірден бастап ауыруына байланысты мектепке бармаған. Қазір ол облыстық емдеу мекемесінде ем алып жатыр.

- 13 мамырда мектепке 6-сыныптың оқушысына инфекциялық ауру диагнозы қойылғандығы туралы хабар келді. Сол күні бірден ата-аналар жиналысы өткізіліп, хабарландырылды. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қызмет санитарлық өңдеуден өткізді. Бүгінгі күні мұнда барлық қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатыр. 6-сынып оқушыларын бірден арнайы мамандар келіп тексерістен өткізді. Бүгінгі күні барлық оқушылар, мұғалімдер тексеріліп жатыр. Облыстың фтизиатрлары келді. Мектепте кесте бойынша дезинфекция жүргізіледі. Бүгінгі күні сабақтар бір кабинетте оқытылып жатыр. Балаларды қашықтан оқытуға ауыстыру үшін негіз жоқ, - деді Айнагүл Сұрағанова.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, сырқаттанған бала бұған дейін 2021 жылы туберкулезбен ауырған. 2022 жылы жазылып, дәрігерлердің бақылауында болған.

- Ауру ошағы үйде де дезинфекция жүргізілді. Қазір онымен байланыста болған барлық адам тексеріліп жатыр. Балаларға манту егіледі. Жасөспірімдер мен ересектер флюрография әдісімен тексеріледі. Қазіргі уақытта 17 адамға манту егілді, үш күннен кейін нәтижесі белгілі болады, - дейді Арман Күшбасов.

Бұған дейін СҚО-да 6-сынып оқушысы туберкулездің ашық түрімен ауырғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар