СҚО-да туған қылмыскер 23 жыл бойы Ресейде бой тасалап жүрген

ПЕТРОПАВЛОВСК. ҚазАқпарат - Ресейдің Вологодск облысында құқық қорғау органдарынан 23 жыл бойы бой тасалап жүрген 57 жасар ер азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

СҚО-да туған қылмыскер 23 жыл бойы Ресейде бой тасалап жүрген

1993 жылы қылмыстық полиция қызметкерлері Тайынша ауданында кісі өлтірді деген айыппен күдіктіні іздестіріп жүрген. Киров ауданының бұрын сотталған тұрғыны ішімдікке сылқия тойып алып, өзінің ауылдасына оқ атқан. Оқ тиген азамат сол жарақатынан көз жұмады. Ал, оны атқан ер адам құқық қорғау органы қызметкерлерінен қашып кетіп, оған іздеу жарияланады.

Солтүстік Қазақстанның тәртіп сақшылары осы уақытқа дейін аталған азаматтың жүрген жерін анықтаумен болған. 23 жылдан соң жедел қызметкерлер оның ізіне түсті. Ол Ресейдің Вологодск қаласында бөтен біреудің есімін жамылып, бой тасалап жүрген. Қазақстанның тәртіп сақшыларына ресейлік құқық қорғау органдарының өкілдері қолдау көрсеткен соң 57 жасар азамат қолға түсті.

Қазіргі таңда ол ресейлік тергеу оқшаулағыштарының бірінде қамауда отыр. Енді оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қозғалуда.

Жыл басынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 24 қылмыскерді қолға түсірді. Олардың үшеуі бұрын жасалған қылмыстар.