СҚО-да тұмау өршіп тұр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш аптада 100-ге жуық адам тұмау жұқтырды, ауырғандардың шамамен әр үшіншісі – 14 жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да тұмау өршіп тұр

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде жедел респираторлық вирусты инфекция мен тұмаудың алдын алу, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы брифинг өтті.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде ЖРВИ-мен сырқаттанудан маусымдық өсу бар.

«Биылғы эпидемиологиялық маусымнан бастап СҚО-да жедел респираторлық вирусты инфекцияны жұқтырудың 6280 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың 70 % - 14 жасқа дейінгі балалар.

14 қазаннан бастап облыста тұмаумен ауырғандар анықтала бастады. Облыста В типті тұмаудың зертханалық расталған 82 жағдайы тіркелді.

Науқастардың ішінде 3 жүкті әйел, 14 жасқа дейінгі 30 бала бар. Яғни ауырғандардың 37% - бала, оның ішінде 3-уі балабақша тәрбиеленушісі, 17 оқушы және 10-ы үйде отырған бала», - дейді Арман Күшбасов.

Тұмаумен ауырғандар санынан Петропавлдың үлесі жоғары, 41 жағдай тіркелген.

«Тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі - вакцинация. Тұмауға қарсы екпе аурудың асқынған ағымынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғайды.

Облыста қазан айының басынан вакцинация жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 55,5 мың адам немесе халықтың 10,1 % егілді, олардың 8 мыңнан астамы медицина қызметкері, 4 мың оқушы, 500-ге жуық жүкті әйел. Вакцинацияға ресейлік үш валентті «Гриппол плюс» препараты қолданылып жатыр», - дейді Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, жалпы 75 мың адамды немесе облыс халқының 13,7 % вакцинациялау жоспарланған.