СҚО-да тұңғыш рет кинологтар сайысы өтуде
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет құқық қорғау органдарындағы кинолог мамандардың чемпионаты өтуде.
Байқаудың негізгі мақсаты - кинологтардың кәсіби шеберліктерін көтеру және қызметтік иттердің дайындық деңгейін анықтау, деді СҚО ІІД кинологиялық қызмет орталығының басшысы, полиция капитаны Самат Төлебаев.
Қазір орталықта овчарка, лабрадор, спаниель секілді қырыққа жуық ит қызмет етеді. Төрт аяқты полицейлер түрлі бағытта жұмыс істейді: иіс арқылы жоғалған адамдарды, жарылғыш заттар мен есірткілерді іздеу. Оларсыз қылмысты ашу екіталай, дейді кинологтар. Күн сайын Петропавлда кем дегенде 7 шақыртуға барады.
Бұл сайысқа барлық аудандық ішкі істер бөлімдерінен, әскери бөлім, шекаралық қызмет, СҚО МКБ, ҚАЖД, ІІЖБ 22 кинолог қатысады. Барлығы 18 команда. Сайыс бағдарламасына 4 байқау енгізілген - дрессировкадан жалпы конкурс, кедергі жолақтарынан өту, есірткі заттарын іздеу, қарулы қылмыскерді ұстау. Байқау 28 қыркүйекке дейін жалғасады.
СҚО кинологиялық қызмет орталығы ресми түрде 2008 жылы ашылды. 2014 жылдан бастап облыс аудандарында кинологтар пайда болды. Әзірге әр ауданда бір кинологтан жұмыс істейді.
Жыл басынан бері СҚО қызметтік-іздестіру иттерінің қатысуымен 567 қылмыс ашылды, 170 келі есірткі заңсыз айналымнан шығарылды.