СҚО-да тұрғындарға жылу үшін төленген 24 млн теңге қайтарылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында энергиямен қамтушы компаниялар өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұтынушыларға 24,1 млн теңге қайтаруы тиіс. 

Почти 2 млрд тенге должны костанайцы за тепло
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, ведомство жылумен жабдықтау қызметтерін көрсететін табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп 2023-2024 жылғы жылыту маусымының қорытындысын шығарды. Мамандар жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қыстағы ауаның нақты температурасын ескере отырып қайта есептеді. Нәтижесінде орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, бірақ жылуды есептегіш құралдары жоқ тұтынушылардың артық төлем жасағаны анықталды.

Осылайша тұтынушыларға қосымша құн салығын қоса есептегенде 24 136 773,49 теңге қайтарылуы тиіс. Бұл – 11 табиғи монополия субъектісінің тұтынушыларға берешегі. Оның жартысына жуығы – 11 млн теңге шамасындағы сома «Севказэнергосбыт» ЖШС-не тиесілі. Ал «Саумалкөл Жылу» ЖШС 7 млн теңге қайтаруы тиіс.

«Субъектілер департамент қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған органға немесе сот тәртібімен шағымдануға құқылы. Бұл компаниялар қайта есептеу нәтижесіне орай берешекті жаңа жылыту маусымында, не бір жылда ішінде қайтаруы тиіс. Ол халықтың жеке шотында аванс түрінде жеке жолмен көрсетіледі», - дейді СҚО бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы Сәния Сағырбаева.

Маманның айтуынша, мұндай жайсыздық тумауы үшін барлық тұтынушылар үйге ортақ жылу есептеу құралдарын орнатқаны жөн. Сол кезде тұтынушы жылу энергиясының нақты тұтынылған көлемі үшін ғана ақы төлейді және сәйкесінше қыстағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, қайта есептеу жүргізудің қажеттілігі болмайды.

Бұған дейін СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер жазаланғанын жазған едік.