СҚО-да туризм нысандарына баратын жолдарды жөндеуге 3,2 млрд теңге жұмсалды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде Президенттің тапсырмасы бойынша Имантау-Шалқар курорт аймағын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленуде. Халықаралық консалтинг компаниясы да курорт аймағын жан-жақты дамытуға бағытталған арнайы жоспар дайындап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі және сыртқы туризмды дамытуға баса көңіл бөлді. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Шалқар көлінің әдемілігі мен бай әлеуетін атап өтті.
«Еліміздің тұрғындары Шалқар және Имантау сынды облысымыздың көрікті жерлерімен таныса алады. Бұл курорттық аймақ облыс тұрғындары арасында ғана емес, ресейлік туристер арасында да жақсы таныс. Тек биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында туристердің саны екі есеге ұлғайды», - деді Құмар Ақсақалов «Хабар» телеарнасындағы «Online» ток-шоу бағдарламасында.
Шағын және орта бизнес өкілдеріне туризм нысандарын салу үшін мемлекеттік көмек көрсетілуде. Жергілікті атқарушы билік туризм нысандарына апаратын жолдарды жөндеуге былтыр 1 млрд теңге бөлсе, биыл 3,2 млрд теңге бағытталды. 150 километр жол жөнделіп, туристердің жолға жұмсайтын уақыты біраз қысқарды.
Облыс әкімі өңірде экотуризмды дамытуға да көп көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Солтүстік Қазақстан - таза экологиялық өнім шығаратын өңір, тиісінше теріскейдің экологиясы таза. Облыста 2 мыңнан аса көл, 700 мың гектардан аса орман бар.
Ақерке Қабыкеева