СҚО-да түрме қызметкерлеріне жала жапқан жазасын өтеуші тағы 5 жыл қосып алды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің түзету мекемесі қызметкерлеріне жала жапқан жазасын өтеуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Петропавл соты оған тағы 5 жыл жаза кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, М есімді жазасын өтеуші кісі өлтіру, қарақшылық, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оны басқару, қорқытып алушылық баптары бойынша 25 жылға сотталған. Соның 7 жылын өтеген. Алайда облыстағы ЕС-164/1 мекемесіне – тергеу изоляторына түсісімен-ақ ол департамент қызметкерлеріне қатысты жала жаба бастаған.
Жазасын өтеуші мекеме қызметкерлері және басшылығы өзіне дене жарақатын салды, адамның қадір-қасиетін түсіретін басқа да әрекеттер жасады және ақша талап етті деп арызданған. Шағымдарын облыстық прокуратураға, СҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментіне жолдаған.
Арыз негізінде мекеме қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды, бірақ ол қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
Сотталушының арызында жазылған фактілердің бір де біреуі расталмады. Бейнебақылау камералары мен қызметкерлердің бейнежетондарынан алынған жазбалар жазасын өтеушінің сөзін теріске шығарды. Сонымен қатар, бейнекамералардан алынған жазбалардан сотталушы өзіне дене жарақатын салғаны белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталған М-ға қатысты ҚР ҚК-нің 419-бабының 3-бөлігі «Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр, аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғады. Петропавл қалалық соты оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Енді М жазасының өтелмеген бөлігіне жаңа жаза қосылып, 23 жылын түзету мекемесінде өткізбек.
Айта кетейік, қазіргі уақытта СҚО-ның түзету мекемелерінде 1400-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр.