СҚО-да түрмедегілер омарташы және жібек құртын өсіруші мамандықтарын меңгереді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы максималды қауіпсіздік мекемесінде 100 жазасын өтеуші жұмысшы мамандықтарды меңгермек. Биыл оқыту бағдарламасына жаңа екі кәсіп еніп отыр.

а
Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, № 51 мекеме Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде орналасқан.

Мұнда ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтеп жатыр. Колонияда жаңа оқу жылына орай салтанатты жиын өтті. 

Биыл сотталғандардың 100-і еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді.

Олар: шебер-құрылысшы, газ-электр дәнекерлеуші, тігінші, көгалдандыру шебері, ландшафт дизайнері.

Биыл бұл мамандықтардың қатарына омарташы және жібек құртын өсіруші қосылды.

а
Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

«Оқу бағдарламасы 10 айға шақталған. Мамандар сотталғандарды арнайы әдебиеттерді, бейнематериалдарды зерделеу, сондай-ақ тжірибе жүзінде оқытады. Көрнекілік үшін мекемеге ара ұялары, қорғаныс костюмдері және басқа да қажетті жабдықтар әкелінді. Жақында жібек құрттарын өсіруге арналған арнайы инкубаторлар орнату жоспарланған. Омарташылар мен жібек құртын өсірушілер бұл жәндіктердің физиологиясын, мінез-құлқын түсініп, оларға қамқорлық жасай білуі керек. Сонымен қатар, осы жәндіктердің өнімдерін жинап, өңдеуді де үйренеді», — дейді № 51 мекеме бастығының орынбасары Светлана Спасская.

Маманның айтуынша, бұл кәсіптер нарықта бәсекеге қабілетті.

а
Фото: СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

Сондықтан сотталғандар жазасын өтеп шыққаннан кейін оңай жұмысқа орналаса алады немесе өз өндірісін ашуға мүмкіндіктері бар.

Бұған дейін СҚО-да 56 жастағы жазасын өтеуші әйелдің колонияда некесін қидырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар