СҚО-да тұтынушылардан түскен шағымдар саны шамамен екі есеге артқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биылғы он айда тұтынушылардан 818 өтініш түсті.
СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мәліметінше, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп.
Департамент мамандарының көмегімен тұрғындарға 23 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
— Қаралған 818 өтініштің 575-і «e-Otinish» арқылы, 118-і жедел желі телефонына хабарласу арқылы, ал 125-і жеке қабылдауда түсті. Өткен жылдың осы кезеңінде департамент 427 өтінішті қараған еді. Ал мамандардың көмегімен тұтынушыларға былтыр 16,1 млн теңге қайтарылған еді, — дейді департамент басшысының орынбасары Ғалымжан Абаев.
Тұрғындар көбіне бөлшек және электрондық саудаға, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты хабарласқан. Әдетте сатып алушылар тауардың немесе қызметтің күткен нәтижеге сәйкес келмеуіне, сатушының өнім туралы толық әрі нақты ақпарат бермеуіне байланысты шағымданған.
— Заң талаптарын бұзғаны үшін биыл 23 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтыр 22 кәсіпкер жазаланған еді.
Дау туындаған жағдайда тұтынушы сатушыға, дайындаушыға немесе орындаушыға жазбаша наразылық жіберуге құқылы. Наразылықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жазбаша жауап берілмесе немесе талаптарды қанағаттандырудан бас тартылса, тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органға жүгіне алады, — дейді Ғалымжан Абаев.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда тұтынушыларға 35,5 млн теңге кері қайтарылғанын жазған едік.