СҚО-да түзету мекемесінің аумағына өткізу мақсатында есірткі жұтып алған адам ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесіне сотталған марихуананы асқазаны арқылы кіргізбек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 жастағы жігіт ЕС-164/3 мекемесіне жазасын одан әрі өтеу үшін келген екен. Жай келмей асқазаны арқылы 2,57 грамм марихуананы түзету мекемесіне өткізбек болған. Ұрлық үшін жазасын өтеп жатқан ер адамнан тыйым салынған зат толық тінту нәтижесінде табылды.

«Мекемеге келгеннен кейін сотталған адам іш киіміне дейін жалаңаштанып, құндылықтар мен бағалы заттарын өз еркімен тапсыруы тиіс. Сондай-ақ сотталған қылмыстық-атқару мекемелерінің қызметін регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес 10 ретке дейін отырып-тұруы қажет. Марихуананы түйіншекке салып, жұтқан. Мұндай тінту барысында «Н» есімді сотталғаннан есірткі табылды.Түйіншекте кепкен марихуана болды», - дейді СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов.

Есірткі затын мекемеге өткізбек болған сотталған «Н»-ға қатысты Петропавл қаласының полиция басқармасы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Енді ол қылмыстық жауапқа тартылып, 160 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.

Рустан Ахматжановтың айтуынша, бұл биылдыққа есірткі өткізуге әрекеттенудің алғашқы жағдайы. Былтыр сотталғанға сәлем-сауқат арқылы туысы «спайс» беріп жібермек болды. Кейін «сәлемдеме» жіберуші жазаға тартылды.


Соңғы жаңалықтар