СҚО-да уақытша ұстау абақтысында кітапхана, душ пайда болды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО Тимирязев ауданында жаңартылған уақытша ұстау абақтысы ашылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл облыс аумағында жұмыс істейтін осындай бағыттағы оныншы мекеме.
Абақтыда 8 орынға арналған 3 камера бар. Оларға терезелерден бөлек, сантехникалық тораптар мен кәріз жүйесі орнатылды. Сондай-ақ, душ кабинасы, тергеушілер кабинеті, серуендейтін алаң пайда болды. Жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Шағын кітапхана да ойластырылған.
Жыл басында аудан прокуратурасының арыз-талабы бойынша, СҚО ауданаралық экономикалық соты Тимирязев аудандық уақытша ұстау абақтысының жұмысы белгілі мерзімге тоқтатылды. Күдіктілер мен айыпталушыларды сондай-ақ, әкімшілік тәртіпте ұсталғандар Шал ақын ауданындағы ІІБ уақытша ұстау абақтысына жеткізіліп тұрды.
Тағы бір жаңа абақтыны Тайынша қаласы аудандық ІІБ жанынан ашу жоспарлануда.