СҚО-да үш теміржол вокзалында жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысындағы Жаңаесіл, Тайынша және Саумалкөл станцияларының теміржол вокзалдары жаңғыртудан өтті.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, нысандардың қазір 92% - ден 98% дейін дайын.
Жаңаесіл станциясындағы вокзалдың жалпы ауданы 570 шаршы метр. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары, аумақты және перронды абаттандыру толық аяқталып, жиһаз бен технологиялық жабдықтар орнатылды. Жақында пайдалануға берілмек.
Саумалкөл станциясында да ауданы 200 шаршы метрден асатын вокзалды жаңарту жұмысы аяқталуға жақын. Негізгі құрылыс жұмыстары орындалды, нысанды жарақтандыру аяқталып келеді. Ғимарат бүгінде 92% дайын.
Тайынша станциясындағы станция да жаңғыртудан өтіп, жақында пайдалануға беріледі.
Ауданы 440 шаршы метрден асатын вокзалдың ғимараты, перрон және іргелес аумақ бойынша жұмыстар аяқталды, қазір технологиялық жабдықтар орнатылып жатыр.
Мамандардың айтуынша, жаңғырту аясында вокзалдар заманауи күту залдарымен, жаңартылған санитарлық аймақтармен және ыңғайлы навигация жүйесімен жабдықталды.
Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылған.
Бұған дейін теміржол өткелдеріндегі жол апаты 30% азайғанын жазған едік.