СҚО-да үстінен түскен қорықшыны браконьерлер көлікпен баспақ болған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз елік атқан топ соңдарына түскен қорықшылардан қашып құтылмақ болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода қорықшылардың біреуінің браконьерлер мінген көлікке жармасқаны айтылады. Алайда олар тоқтаудың орнына маманды сүйрей жөнелген.
Оқиға Жамбыл ауданында, аңшылық шаруашылық аумағында болған. Бейнежазбадан ұсталған күдіктілердің жалынып, өздерін жіберуді сұрап, ақша, жылқы ұсынғанын көруге болады. Көлік жүргізушісі мас болған. Ал көліктің жүк салғышынан еліктің еті табылды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға биыл 26 қыркүйекте болған. Заңсыз аңшылық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, бес аңшыдан құралған топ үш елік атқан. Оларды қорықшылар тоқтатқан. Медициналық куәландыру нәтижесінде аңшылардың екеуінің алкогольдік ішімдік ішкені анықталды.
— Топ құрамында еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері де болған. Қазіргі уақытта ол қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өтіп жатыр. Оның заңсыз аңшылыққа немесе жануарларды заңсыз атуға қатысы бұл кезеңде анықталған жоқ. Осыған байланысты полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеріс басталды.
Қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оған қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беру мақсатында тергеу және өзге де процестік шаралар жүргізіліп жатыр, — делінген ведомствоның жауабында.
Полицейлердің айтуынша, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды.
Бұған дейін Ақмола облысында аң аулап жүрген ер адам оқыс жағдайда мерт болғанын жазған едік.