СҚО-да үйірлі шегіртке бойынша жағдай тұрақты

Шегіртке
Фото: pixabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында итальяндық прус шегірткесі тіркелді. Болжам бойынша зиянкестің осы түрі 2 мың га алқапқа жайылуы мүмкін. «Фитосанитариялық диагностика және болжам орталығы» РММ СҚО филиалы басшысының орынбасары Зура Кенжеғалиеваның айтуынша, өңірде үйірмен жүретін шегірткелердің ішінде итальяндық прус шегірткесі кездеседі. Биыл ол Уәлиханов ауданында анықталып отыр. Қазіргі уақытта зиянкестердің дернәсілдерін анықтау үшін алқаптар тексеріліп жатыр. 

«Әзірге итальяндық прус шегірткесінің дернәсілдері табылған жоқ. Өйткені көктем салқын, жауын-шашынды болды, ауа температурасы құбылып, зиянкестің көбеюіне кедергі келтірді. Болжам бойынша 2 мың га алқапқа осы аса қауіпті зиянкес жайылуы мүмкін. Бірақ дер кезінде химиялық өңдеу жүргізу арқылы оны жоюға болады. Саяқ шегірткелерге келетін болсақ, биыл олардан келер қауіп жоқ. Оларды негізінен шабындықтардан, жайылымдардан ғана көрдік. Алқаптардың шетінде бірен-сараны кездеседі, бір шаршы метрге 1-2 зиянкестен ғана, бұл – қауіпсіз. Десек те, 2,1 мың га алқапты дәрілеуді ұсынып отырмыз», - дейді Зура Кенжеғалиева.

Маманның айтуынша, Ресеймен және Қазақстанның басқа өңірлерімен шекарада жағдай тұрақты. 

Итальяндық прус – өсімдік талғамайтын зиянкес. Олар үлкен қашықтықтарға көшіп жүреді. СҚО-да соңғы рет жаппай таралуы осыдан шамамен 10 жыл бұрын байқалған екен. Уәлиханов ауданының диқандарына 3,5 мыңнан астам алқапты химиялық өңдеуге тура келді. 

Бұған дейін Петропавлда «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты көрме жұмыс істеп жатқанын жазған едік. Жоба аясында Кереку өңірінен СҚО-мен байланыстыратын құнды дүниелер – 100-ге жуық жәдігер әкелінген. 

Соңғы жаңалықтар
telegram