СҚО-да волонтерлер суицидтік мінез-құлықты анықтауға үйренді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 40 волонтер «JANYNDAMYN» жобасына қатысты.

Бұл жоба 2022 жылдың қыркүйегінен бастап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылып келеді.
Бұл жолы жобаға Қозыбаев университетінің әртүрлі мамандық алып жатқан студент-волонтерлері қатысты.
Жастар тренинг барысында суицидтік мінез-құлықты анықтауды, алғашқы психологиялық көмек көрсетуді және қажет болған жағдайда адамдарды арнайы психолог немесе дәрігер мамандарға бағыттауға үйренді.
Волонтерлер аутодеструктивті мінез-құлық, клиникалық психология, психиатрия, саламатты өмір салтын қалыптастыру, театр психологиясы бойынша негізгі білім алды. Спикерлер мен тренерлер қатарында тәжірибелі психологтар және психиатрлар болды.
Оқыту нәтижесі бойынша енді әрбір қатысушы емтихан тапсырып, сертификат алады.
Осы жылдың маусым айында қазақстандық когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығының бағдарламасы бойынша 15 тренер-маманды оқыту жоспарланған.
Бұған дейін Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың 8 айында еліміз бойынша 2 389 суицид оқиғасы тіркеліп, оның 128 оқиғасын 15 пен 18 жас аралығында жасөспірімдер жасағанын жазған едік.