СҚО-да заманауи көкөніс қоймасы пайдалануға берілді
Заман талабына сай салынған қоймада 2 мың тоннаға дейін көкөністі жыл он екі ай сақтауға болады. Бұл өз кезегінде көктем уақытында көкөніс тапшылығын жойып, сырттан қымбат өнім әкелуге жол бермейді. Сәйкесінше, баға да көтерілмейді. Петропавл үшін аса қажет нысанды «Радуга» ЖШС тұрғызған.
Бұған дейін облыста 4 көкөніс қоймасы болатын. Бірақ олардың тозығы жеткен, әрі талапқа сай болмағандықтан картоп-сәбізді ұзақ уақыт сақтауға келмейтін. Жергілікті кәсіпкер Дмитрий Шарапаев жаңа қойманың құрылысына заманауи технолгияларды қолданды. Нәтижесінде көкөніс жаңа өнімге дейін шірімей, сапалы сақталмақ.
«Бізде бұрын көкөніс наурыз айына дейін сақталатын. Өйткені, ескі қоймалардың мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан, наурыз айынан бастап бағаның өсуі байқалушы еді. Міне, енді талапқа сай көкөніс қоймасы пайда болып, көкөніс өнімдерін шілде айына дейін сақтай аламыз. Осы жерде тұрақтандыру қорының 800 тонна өнімі жатады. Бағаны реттеп, керек жағдайда араласатын боламыз. Сөйтіп, көкөніс бағасының шарықтауына жол бермейміз», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Стратегиялық маңызы бар нысан чехиялық әдіспен салынған. Картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат - бөлек-бөлек сақталады. Ол үшін желдеткіші мен салқындатқышы бар арнайы 5 орын бөлінген.
«Өнімдерді жергілікті қожалықтардан сатып аламыз. Өнімдерді сақтап, көктемде сатуға шығара бастаймыз. Сырттан жеткізілген емес, өзіміздің сапалы өнім болғандықтан баға да өспейді, сұраныс та болады»,-дейді көкөніс қоймасының кураторы Владимир Михайленко.
Биыл облыста картоп пен көкөніс бітік шықты. Жарты миллион тоннаға жуық картоп жиналды. 110 мың тонна көкөніс алынды. Келесі жылы көкөніс алқаптары тағы да ұлғайтылмақ.
Иллюстрациялық фото