СҚО-да заманауи көтерме-тарату орталығы ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өңір үшін өте маңызды жоба жүзеге асып, заманауи көтерме-тарату орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да заманауи көтерме-тарату орталығы ашылды

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа нысанның жұмысын көрді. Бұл жерде азық-түлік сұрыпталып, сақталып, сауда орталықтарына жөнелтіледі. Заманауи кешеннің құрылысына 1,9 млрд теңге инвестиция құйылды. Жаңа нысанда 60 адам жұмыс істемек. Орталықта 2 мың тонн сиятын көкөніс қоймасы және 10 мың тоннаға арналған қоймалар бар. Аумағы 7 мың шаршы метрді алып жатыр.

«Заманауи қойма тауарды тиімді сақтап, өңдеуді қамтамасыз ету үшін белгілі талаптарға сай болуы керек. Яғни қалыпты температура, желдету, ылғалдылық. Бұл қоймалар В + санатына жатады және барлық заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Әлемде А категориясы ғана жоғары. Бұл кешеннің ашылуы кәсіпкерлерге қолайлы болмақ. Енді делдалдар мен сатушылар сауда тізбегінен шығарылды. Көкөніс өсірушілер де өнімін ұзақ уақытқа сақтауға мүмкіндік алып отыр», - дейді өңір басшысы.

Бұдан былай «Радуга» компаниясы мен «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үлкен көлемде тауар өндірушіден өнімін сатып алып, ешқандай делдалсыз бірден сауда орындарына жеткізіп береді. Нәтижесінде бизнес шығындары оңтайландырылып, бағаны төмендету мүмкін болмақ. Сондай-ақ солтүстік өңірді қыс-көктем мезгілінде қолжетімді көкөніспен қамту мәселесі де шешілмек.