СҚО-да заңсыз қоқыс орындарына қатысты 40-тан астам лауазымды тұлға жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл заңсыз пайда болған 88 қоқыс орны анықталды.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, олардың барлығы дрондардың көмегімен табылған. Заңсыз полигондардың жартысы бүгінде жойылды.
- Өңірде қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында заңсыз қоқыс орындарын анықтау, абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау және анықталған заң бұзушылықтарды жоюға басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмысты облыс прокуратурасы үйлестіріп, уәкілетті мемлекеттік органдардың экологиялық заңнама мен абаттандыру ережелерінің орындалуына қатысты шараларын бақылауда ұстап отыр, - дейді прокурорлар.
Нәтижесінде прокурорлық қадағалаудың 8 актісі енгізіліп, 42 лауазымды тұлғаға тиісті жаза қолданылды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда елді мекендердегі ең жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында абаттандыру ережелерін сақтамау, қоғамдық орындарды ластау және тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге шығару бар. Салдарынан белгіленбеген жерге төгілген қоқыс уақыт өте келе тұрақты полигонға айналып, оны кейін тазарту жергілікті бюджетке қосымша салмақ түсіреді.
Бақылауды одан әрі күшейту үшін жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарға бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отыр. Жалпы облыс бойынша 400 камера орнату көзделген. Олар қоғамдық орындарда, саябақтарда және жағалау аймақтарында орналасады.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында прокурорлық қадағалау органының бастамасымен саябақтар, скверлер және тұрғындар көп жиналатын демалыс орындарын тазарту жұмыстары да ұйымдастырылды. Нәтижесінде 10 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.
Бұған дейін ШҚО-да жыл басынан бері 400-ге жуық стихиялық қоқыс орны жойылғанын жазған едік.