СҚО-да заңсыз ашылған 600-ден астам қоқыс полигоны спутник арқылы анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында спутник арқылы 773 қоқыс полигоны анықталса, соның 606-сының рұқсаты жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да заңсыз ашылған 600-ден астам қоқыс полигоны спутник арқылы анықталды

СҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Энергетика министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасында келісімшарт бар. Соңғысы Геопортал құрып, спутниктен жерді қашықтан зондтау арқылы рұқсаты жоқ қоқыс полигондарының ғарыштық суреттерін ұсынады.

Ғарыштық мониторинг барысында Петропавл мен облыс қалаларының 50 шақырымдық аумағы тексерілді. Мамандар заңсыз ашылған қоқыс полигондарын ғана анықтап қоймай, олардың шекараларындағы өзгеріске де мән берді.

«Ғарыш мониторингінің нәтижесіне орай СҚО аумағында 773 қоқыс орны анықталды. Олардың 606-сының рұқсаты жоқ. 49 қоқыс полигонының шекарасы заңсыз өзгертілген. 118 жерге қалдықтарды төгуге рұқсат етілген. Осыған орай экологтар 238 рет рейдке шығып, рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарды нақтылады», - делінген баспасөз хабарламасында.


Биыл рұқсаты жоқ қоқыс полигондарын жоюға Петропавл қаласы мен аудан әкімдіктеріне 185,5 млн теңге бөлінген. Арнайы хат та жолданды. Алайда бүгінге дейін олардың тек 134-і ғана жойылды. Бұл тек 20,45% ғана.

«ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды, сақтауды, ұдайы әкетуді, қайта өңдеуді, кәдеге жаратуды және залалсыздандыруды, сондай-ақ елді мекеннің аумағын тазартуды жүзеге асырып, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруы қажет. Жергілікті әкімдіктердің әрекетсіздігі қоршаған ортаның ластануына әкелуде. Осыған орай, қоқыс үйінділерін жою жұмысы уақтылы атқарылуы үшін ақпарат СҚО әкімінің бірінші орынбасарына жіберілді», - дейді экология департаментінің мамандары.