СҚО-да заңсыз елік атқандар ұсталды
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл ауданында «Гусиное» аңшылық шаруашылығының қорықшысымен бірлескен рейд барысында тәртіп сақшыларына браконьерлер туралы хабар түседі. Куәгер Тораңғұл көлінің маңындағы егістікте біреулердің автокөлікпен елікті қуып жүріп, атқанын айтқан.
Хабарлама аудандық полиция бөліміне тапсырылып, оқиға орнына жақын маңда жүрген Заградовка мен Бұлақ ауылдық округтерінің учаскелік инспекторлары жіберілді. Полицейлер «Audi 80» және «ВАЗ 21060» автокөліктерін басқарған ауданның 25 және 20 жастағы екі тұрғынын ұстады. Олардан екі аңшы пышағы, 12 калибрлі патрон, пневматикалық тапанша мен оқ тиген және аяқтары сынған еліктің денесі алынды. Бұл дерек «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілерге қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Атыс қаруы іздестіріліп, келтірілген шығын сомасы анықталуда.
«Күзгі аң аулау маусымы басталғалы орман шаруашылығымен бірлескен рейд күшейтілді. Полиция бөліністерін аң-құсты браконьерлік жолмен аулаудан қорғау міндеті қойылды. Жұмыс мүдделі ведомстволардың өкілдерімен бірлесе жүргізіліп жатыр. Жыл басынан СҚО-да экология саласында 14 қылмыстық іс тіркеліп, аң аулау қағидаларын бұзудың 393 дерегі анықталды. Облыс тұрғындары көбіне қаруды сақтау, тасылмалдау қағидаларын бұзады. Олардың рұқсат құжаттары болмайды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.