СҚО-да заңсыз саудадан 758 пиротехника өнімі алынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында заңсыз саудадан 758 пиротехника өнімі алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 желтоқсан күні басталған «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында күнделікті 100-ге жуық тәртіп сақшысы мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері облыс бойынша кезекшілік атқарады.
«Рейдтің мақсаты – лицензиясы жоқ пиротехникалық өнімді саудадан алу. Отшашулар әдемі болғанымен, қауіпті. Алайда мерекелік көңіл-күймен жүріп, көпшілік қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарып жатады. Оқыс жағдайларды болдырмау үшін жедел-алдын алу іс-шараларын өткіземіз. Пиротехника өнімінде міндетті түрде қолдану нұсқаулығы мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Бұдан басқа нұсқаулықта қалай пайдалану, іске қосу және сақтау сияқты мәліметтер көрсетілгені жөн», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы Әлішер Жармағанбетов.
«Пиротехника» іс-шарасы барысында Петропавл қаласының тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне негізгі күш түседі. Өйткені құқықбұзушылықтардың басым бөлігі облыс орталығында тіркеледі. Науқан басталғалы 80-нен астам тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 15 әкімшілік хаттама толтырылып, рұқсат қағазы жоқ 758 пиротехникалық өнім тәркіленді. Іс-шара 4 қаңтарға дейін жалғаспақ.