СҚО-да зейнеткер балаларға арнап ұзындығы 150 метрлік сырғанақ жасады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғыны Юрий Краснопер балаларға арнап биік сырғанақ жасады. Бүгінде оның сырғанағы облысқа ғана емес, ел аумағында танымал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылжар ауданы Бескөл ауылының 74 жастағы тұрғыны Юрий Краснопер биік сырғанақты бесінші жыл қатарынан тұрғызып келеді.
Биыл да зейнеткер қыс түсісімен үйінің жанынан ұзындығы шамамен 150 метрге жететін сырғанақты ешкімнің көмегінсіз өзі салып шықты.
Қазір ол мұндағы қауіпсіздікті өзі қадағалайды, әрі сырғанақты қалыпта ұстап, маңайындағы қоқысты жинайтын да өзі.
Бұл жұмысы үшін бір тиын да алмайды, сырғанақ тебу – тегін.
«Балаларым есейіп, кетті. Біз зайыбым екеуіміз ғана қалдық. Бірде осындай сырғанақ жасау ойыма келді. Көлдің жиегінде тұрғандықтан ыңғайлы, жақсы ылди бар. Барлық қажетті материалды зейнетақыма сатып алып, істеп шықтым. Қазір ауыл балалары сабақтан бос уақытта осы жерден табылады. Петропавлдан арнайы келетіндер де бар. Тіпті, шетелден де қонақтар келді. Олар канадалықтар, ағылшындар, ресейліктер. Қазақстанның басқа өңірлерінен осы жаққа қонаққа келгендер де мұнда соқпай кетпейді. Жұртқа пайдам тиіп жатқанына мен де қуаныштымын», - дейді Юрий Краснопер.

Көпшіліктің көңілінен шыққан сырғанақтан бір мезетте екі адам қатар түсе алады.
Биыл зейнеткер оны кеңейтіп, екі жолақты етіп жасаған. Ол бұл жұмысқа екі апта уақытын сарп еткен.
«Үйде жатсаң ауыра бересің, аяқ-қолың сырқырайды, басың ауырады. Сол себепті мен таңертең ерте тұрып, осы сырғанаққа келем. Беті тайғанақ болуы үшін күнде су құямын, айналасын қардан тазартам. Сағат 23.00-ге дейін сырғанақ ашық. Халық көп. Олар кеткеннен кейін де маңайды жөнге келтіру керек. Мұндайда мен ауырған жерімді ұмытамын. Таза ауа денсаулыққа жақсы ғой. Күні бойы сырғанақтың басы баланың дауысы мен күлкісінен айқай-шу болып жатады. Осылайша олар телефон мен компьютерді бір мезет ұмытып, далада беттеріне қан жүгіріп ойнайды. Бұл керемет емес пе?!», - дейді Юрий Краснопер.
Зейнеткердің айтуынша, сырғанаққа келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті ол келесі жылы оны бұдан да үлкейтіп, төрт жолақты етпек.