СҚО-да зейнеткер суға батып кетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы Шат өзенінен жергілікті тұрғындар 64 жастағы ер адамның денесін тауып, судан шығарып алды.

Водолазы проверили пляжи к купальному сезону в ВКО
Фото: ШҚО ТЖД

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 14 маусым күні кешкі уақытта Ленинградское ауылынан 5 шақырым жерде болған. 

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам шомылуға тыйым салынған жерде суға түсіп, батып кеткен. Оқиға орнына тиісті қызметтер шақырылып, қажетті шаралар жүргізілді.

Осыған байланысты СҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Мамандардың айтуынша, азаматтар тек арнайы жабдықталған және ресми түрде рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуы қажет. Мұндай орындарда қауіпсіз демалыс үшін барлық жағдай жасалып, құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылады.

Заңнамаға сәйкес, белгіленбеген орындарда шомылған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушыларға ескертусіз 7 АЕК мөлшерінде - 30 мың теңгеден астам айыппұл салынады.

Бұған дейін екі адам Қостанай облысындағы Тобыл өзеніне ағып кеткенін жазған едік.