СҚО-да жағажайға барған 200-ден астам адам жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясының аймақтық бақылау комиссиясының мүшелері мен волонтерлер қоғамдық рейд ұйымдастырды.

СҚО-да жағажайға барған 200-ден астам адам жазаланды

Бұл жолы Петропавлдағы жағажайларда карантиндік шаралардың сақталуы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің және Полиция департаментінің өкілдері қатысты. Рейд барысында жағажайда рұқсатсыз демалып жатқандарға карантин талаптарын сақтау қажеттігі ескертіліп, түсіндірілді.

«Біз волонтер-жасотандықтармен Есіл өзені мен Пестрое көліндегі қалалық жағажайларға рейдке жиі шығамыз. Қазір барлық жағажайлар жабық, бірақ адамдар карантинге қарамай осында келеді. Біз оларға жағажайлар мен қоғамдық орындарға барудың қауіпті екенін түсіндіріп, үйде отыруға шақырамыз», - дейді «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Біржан Құдайбергенов.

Облыста карантиндік шектеу шаралары күшейтілгеннен бері жағажайларға барғаны үшін 201 тұрғын әкімшілік жазаға тартылды. Тағы 258 адам өзен-көл басында спирттік ішімдік ішкені үшін жауап берді.

«Карантин кезінде біз облыс жағажайларына 900 рейд өткіздік, бұл жұмысқа қосымша 900 волонтерді тарттық. Біз адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін айтамыз. Негізінен мұндай рейдтер түсіндіру жұмысымен аяқталады. Демалушылардың көпшілігі біздің өтінішімізге бірден құлақ асып, жиналып кетеді. Бірақ кейде полиция өкілдері азаматтарға айыппұл салады», - деді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуков.

Ведомствода атап өткендей, СҚО-да суға шомылу маусымы басталғалы 8 адам қаза болды. Олардың арасында 6 адам суға шомылу кезінде, 1 адам суға батқанды құтқару кезінде және біреуі балық аулау барысында мерт болды.