СҚО-да жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы айтылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл жалпы оқыту қорына 1 480 млн теңге бөлінген. Қазір тұрмысы нашар, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мектепке қажетті керек-жарақпен қамтылып жатыр. Бүгінге дейін 6,5 мың балаға 282 млн теңгенің төлемі жасалды.
Биылдан бастап жалпы оқыту қорынан көрсетілетін материалдық көмек мемлекеттік қызмет ретінде бекітілген. Біржолғы төлем – 43 мың теңге шамасында. Өңірде бұл көмек 11 мыңға жуық балаға тиесілі. Олар: тұрмысы нашар, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған оқушылар, тасқыннан зардап шеккен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары.
Берілген қаражатты оқу құралдарын алуға жұмсап, 10 күн ішінде ата-ана есеп беруі тиіс.
СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың айтуынша, бүгінге дейін 6 498 балаға 281,6 млн теңге төлем жасалды.
Бұдан бөлек, 37 мың оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту үшін 3,8 млрд теңге бөлінген.
«Тамақтану сапасын бақылау мақсатында мектептерде бракераждық комиссиялар құрылды. Сонымен қатар, барлық аудандарда ведомствоаралық сараптамалық топтар жұмыс істейді, олардың құрамына ата-аналар, қоғамының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Биыл асханалардың жабдықтары, жиһаздарын жаңартуға, бейнебақылау орнатуға 424,3 млн теңге бөлінді, бұл былтырғыдан шамамен 3,5 есеге көп», - дейді Татьяна Протопопова.
Маманның айтуынша, биыл 1-сыныпқа 7,3 мың бала қабылданды, жалпы 75 мың оқушы бар. Сабақ 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады.
Сондай-ақ биыл 3-сыныптан бастап шет тілін, еңбек және бейнелеу өнері пәндері енгізіледі.
Бұған дейін СҚО-да көкжөтелден ем алған балалардың саны бес есе артқанын жазған едік.