СҚО-да жаңа оқу жылы басталғалы 84 оқушыдан коронавирус анықталды
СҚО-да өңірдегі коронавирусқа қатысты ахуалға байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті.
СҚО-ның бас санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы 19 мұғалім коронавируспен ауырған, оның бесеуі штаттық режимде жұмыс істеген. Мектеп жасындағы балалардың 84-і жұқтырған, олардың 22-сі дәстүрлі форматта оқыған.
«Оқушылардың барлығы коронавирусты каникул уақытында жұқтырған. Мектепке қатысы жоқ. Қазір өңірде 22 сынып карантинге жабылды, мектептер арасында карантинге жабылғаны жоқ. Колледждерде екі топ қазір қашықтан оқуға ауыстырылды», - дейді Әсет Жұматаев.
Балабақша тәрбиеленушілері арасында да вирусты жұқтырғандар бар. Осындай 4 жағдай анықталып отыр. Өткен екі аптамен салыстырғанда бүлдіршіндер арасында ауру 8 жағдайға төмендеген.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Құмар Күсемісовтың айтуынша, қазір өңірде қауіпті инфекция жұқтырған 165 бала ауырып жатыр. Оның 25-і стационарға жатқызылған, бір баланың халі нашар.