СҚО-да жасөспірім синтетикалық есірткіні әжесінің үйінде сақтаған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жедел уәкілдер аса ірі көлемде синтетикалық есірткі жасырып, таратты деген күдікпен жасөспірімді ұстады. Күдіктіден ішінде ұнтақ тәрізді ақ түсті зат салынған және сатуға дайындап қойған 10 түйіншек тәркіленді.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімнің тұрғылықты жерінен есірткіні буып-түюге арналған материал табылды. Күдікті есірткіні әжесінің үйінде сақтаған. Немересінің әрекетінен бейхабар әжесі үйінен 3 пакет есірткі табылғанда қатты шошыды.

Сараптама тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 191 грамм болатын α-PvP синтетикалық есірткі екенін көрсетті. Бұл – тұтас бір мектепті нашақорлыққа тартуға жетеді.
«Қолға түскен кезде күдікті 17 жаста болды. Қамауда отырғанда кәмелеттік жасқа толды. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Ұсталған жігіт қашықтықтан есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде небәрі 3 айға жақын уақыт жұмыс істеген. Тәжірибе көрсеткендей, есірткі таратушылардың жұмыс мерзімі осындай, бұдан кейін олар қамауға алынып, сотталады. Жастардан жеңіл жолмен ақша табу туралы ұсыныстарға сенбеулерін сұраймыз. Аса ірі көлемде есірткі өткізу үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске саламыз», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Былтыр СҚО-да есірткі таратқаны үшін 2 жасөспірім сотталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО-да республикалық маңызы бар автожолды бес жерден су шайып кеткенін жазған едік.