СҚО-да жазасын өтеп жатқан әйелдер тауық өсіруді қолға алды

Петропавлдағы №50 мекеме – әйелдер колониясында биылдан бастап тауық өсіру қолға алынды. Жаңа кәсіп болғандықтан алдымен 120 жұмыртқаға арналған инкубатор әкелініп, нәтижесі көңілден шыққаннан кейін өндірісті кеңейткен.

«Біз қолымыздан келе ме, жоқ па, қаншасынан балапан шығатынын көрмек болдық. Кейін 580 жұмыртқаға арналған инкубатор алдық. Одан да шығымдылық жоғары болып, көп балапан алдық. Енді 1,5 мың жұмыртқаға арналған қондырғыны орнаттық.
Бройлер жұмыртқасы белгілі бір күні салынады. Бұл өте жақсы етті тұқым.
Тауықтың бұл түрінің жұмыртқасынан 21 күн 8 сағаттан кейін балапан шығады.
Тауық балапандарын арнайы орынға қызыл түсті шамның астына орналастырамыз. Міндетті түрде антибиотик, дәрумендер береміз. Екі айдың ішінде олар жетіледі», - дейді осы фермада жұмыс істейтін Олеся Русак.

Олеся Русак түзету мекемесінде 5 жылға жуық жазасын өтеді. Ол мұнда жаңа мамандық меңгеріп, жылыжайда еңбек етті, үй жануарларын күтті. Жақында түзету мекемесінен босап шықты.
«Бір аптадан кейін осы үйренген жеріме шебер ретінде жұмысқа алындым. Бұл іс маған ұнайды. 100 мың теңге еңбекақым бар, әрі жолымды төлейді. Қазір қызыммен, жиендеріммен бірге тұрып жатырмын», - дейді әйел.
Түзету мекемесінің аумағында орналасқан шағын фермада 7 адам жұмыс істейді. Бұл жерде тауықтан басқа үй қоянын өсіреді.

«Үй қоянының санын 180-ге жеткізген едік, қазір 20-сы ғана қалды. Өйткені жаңа жылдың алдында тапсырыс жоғары болды», - дейді Олеся Русак.
Ал 100 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайда биыл тек қияр және гидропонды жемазықты өсіріп жатыр. Одан басқа жүзім, лимон және құрма ағашы өседі. Оның бәрін сотталғандар тұқымнан өсірген екен.

Қазір түзету мекемесінде 215 қыз-келіншек жазасын өтеп жатыр. Сотталғандардың 98% жұмыспен қамтылған.
«Мекеме аумағында бүгінде 7 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Олардың бірі - біздің қызметкерлерге форма тігеді, өз дүкендері бар, сонда сатады. Енді бірі медицина қызметкерлерінің киімін тігеді. Тағы бір жеке кәсіпкер тауық өсіруді қолға алды. Тауық етімен, жұмыртқамен айналысады. Ал жақында наубайхана ашылмақ. Ол жерге біздің 4 сотталған жұмысқа орналасады. Бизнес жоспарлары дайын», - дейді Петропавлдағы № 50 мекеме бастығының орынбасары Жеңіс Елубаев.
