СҚО-да жазасын өтеушілер енді терминал арқылы шағымдана алады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер электрондық құжат түрінде өтініш беру үшін терминалдар орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жазасын өтеушілер енді терминал арқылы шағымдана алады

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019-2023 жылдарға арналған қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың жол картасы аясында ЕС-164/1,3,6,8,9 мекемелерінде терминалдар қойылды.

«Енді сотталғандар қылмыстық құқық бұзушылық болса, мекеме қызметкерлері өкілеттіктерін асыра пайдаланса, басқа сотталғандардың заңсыз әрекеттерін көріп, сол туралы прокурорға және адам құқықтары жөніндегі уәкілге сондай-ақ кез-келген басқа мемлекеттік органға өз бетінше терминал арқылы шағымдана алады. Жазасын өтеушілердің еш кедергісіз сотқа өтініш беруіне де мүмкіндік бар», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Сотталғандар үшін облыстың 5 мекемесінде 8 терминал қолжетімді жерде орнатылды.

«Терминалды қолдануда еш қиындық жоқ. Жазасын өтеушілер өздерінің жеке деректерін енгізеді, сонымен қатар саусақ ізімен растайды. Осылайша, сотталғандар бұрын берген өтініштері мен шағымдарын тексере алады. Шағым немесе өтініш берілгеннен кейін оны нақтылау мақсатында 3 күн ішінде прокурор келеді. Бұл жаңашылдық шағымдар мен өтініштерді беру барысын оңтайландырып, оларды қысқа мерзімде қарауға көмектеседі», - дейді Рустан Ахметжанов.