СҚО-да жазғы балалар лагерлерінен өрт қауіпсіздігі талабын бұзудың 80 дерегі анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі бірқатар балалар сауықтыру лагерьлерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 80-нен астам дерегі тіркелген. Яғни, балалардың жазғы демалыс орындарында өрт қауіпсіздігі сақталмаған.
— Өрттердің алдын алу мақсатында балалардың жазғы демалыс орындары мен сауықтыру лагерьлерін ұстау тәртібі қарастырылған. Кей лагерьлерде сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесі жоқ, ал бар нысандардағы су қоры төтенше жағдай кезінде өртті дер кезінде сөндіруге жеткіліксіз. Алда тағы 4 лагерьге профилактикалық тексеру жүргізу жоспарланып отыр, — дейді СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары Аян Құсайынов.
Тексеру қорытындысы бойынша лагерьлердің басшыларына нұсқамалар беріліп, нысандарды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру бойынша ұсынымдар жолданды.
Мамандардың айтуынша, соңғы 5 жылда балалардың жазғы демалыс орындарында екі өрт тіркелген. Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» және «Золотая осень» лагерьлерінде өрт — электр сымдарының қысқа тұйықталуы және отпен абайсыз жұмыс істеуден шыққан. Салдарынан құрғақ шөп жанып, кейін ағаш құрылыстар жалынға оранды.
— Өрттің алдын алуда негізгі талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Атап айтқанда, минералдандырылған жолақтар жасау, дабыл беру жүйелерін жарамды күйде ұстау, су көздерін қамтамасыз ету, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру және бастапқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықтау міндеттелген. Сонымен бірге балаларды қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін нысандарға орналастыруға жол бермей, ашық от пен пиротехниканы бұйымдарды және электр жылыту құралдарын пайдалануға тыйым салу қажет, — дейді Аян Құсайынов.
Мамандардың айтуынша, биыл СҚО-да жыл басынан бері 195 өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен шамалас болғанымен, адам шығыны артқан. Облыс бойынша 18 адам өртте мерт болған, оның ішінде 3 бала бар. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 20% көп.
Бұған дейін ТЖМ терек мамығы өрт қаупін күшейтетінін ескерткенін жазған едік.