СҚО-да жедел жәрдем қызметкерлері халықаралық стандарттарды меңгереді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық көмек орталығында шұғыл медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын үйрететін жаттықтыру алаңы ашылды. 

СҚО
Фото: СҚО жедел медициналық көмек орталығы

СҚО жедел медициналық көмек орталығының мәліметінше, бұл – Қазақстанда ашылып отырған осындай алғашқы орталық. Оқыту курсы Америка жүрек қауымдастығы және Жедел медициналық көмек көрсету техниктері ұлттық қауымдастығының бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Мақсат - науқастарға жедел қызмет көрсететін маман иелерінің біліктілігін арттыру.

«Нью-Йорк қаласында, мысал келтіретін болсақ, қандай оқыту деңгейі қолданылады, дәл сондай дайындықтан Петропавлдағы мамандар өтіп, халықаралық сертификат алады. Олар бұрын мұндай даярлықтан өту үшін Түркияға баратын немесе Израильден мамандар шақырылатын. Енді білімді Қазақстан аумағында, Петропавлда қандай да бір қосымша шығындарсыз ала алады», - дейді орталықты ұйымдастырушы «Kazanada» халықаралық оқу орталығының директоры Кевин Фрик.

Қазір бұл курс әлемнің 100-ден астам елінде оқытылып келеді. 

«Жаттығу алаңын ашпас бұрын материалдық-техникалық базаны нығайттық. Жеткілікті мөлшерде манекендер, қажетті жабдықтар сатып алдық. Осылайша, бізде медицина қызметкерлерінің, фельдшерлердің және дәрігерлердің үздіксіз біліктілігін арттыратын боламыз. Оқу курсын өзіміздің орталықтың халықаралық деңгейдегі 4 нұсқаушысы өткізіп жатыр. Оқыту негізінен практикалық сабақтардан құралған», - дейді СҚО жедел медициналық көмек орталығының директоры Юрий Белоног. 

Бағдарлама - алғашқы көмек, негізгі реанимация, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, педиатриядағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, жарақат алған кезде өмірді қолдаудың ауруханаға дейінгі жүйесі және көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі курстарынан құралған. 

Жедел медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын оқыту курсынан алғашқы 12 адам өтіп жатыр. Курсанттарға халықаралық үлгідегі сертификат беріледі.

Соңғы жаңалықтар