СҚО-да жедел жәрдем жүрегі тоқтап қалған ер адамның өмірі үшін 23 минут арпалысып, ажалдан арашалады
Петропавлда жедел жәрдем қызметінің бригадасы клиникалық өлімге ұшыраған 70 жастағы ер адамды ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Солтүстік Қазақстан облысы жедел медициналық көмек орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, «103» пультіне таңғы 07:32-де қоңырау соғылып, Петропавлдағы № 1 қалалық емхананың екінші қабатында ер адамның ес-түссіз жатқаны хабарланған.
Дереу оқиға орнына бригада аттанған. Жедел жәрдем қызметі келгенде 70 жастағы ер адам клиникалық өлім күйінде болған.
Мамандар № 1 емхана қызметкерлерінің көмегімен ACLS стандарты бойынша реанимациялық іс-шара жасады, яғни жанама жүрек массажын жасап, өкпені жасанды желдету аппаратына қосты, дефибрилляция жасап, Адреналин, Сантадарон берді.
Нәтижесінде 23 минуттан кейін ғана қан айналымы қалпына келді.
Реанимациядан кейінгі іс-шаралар жүргізіліп, науқас Кардиологиялық орталықтың қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.
«Біздің орталықтың барлық қызметкерлері, оның ішінде жүргізушілер де жедел медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша үнемі оқудан өтеді. Дәрігер Дастан Оразаев — ВLS, ACLS, PALS, PHTLS бойынша халықаралық нұсқаушы. Фельдшер Евгений Швецов — жедел жәрдем қызметінде көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман», — деді Юрий Белоног.