СҚО-да жедел жәрдемге жол бермейтін жүргізушілер анықталмады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында рейд барысында жедел жәрдем көліктеріне жол бермеу фактілері анықталған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жедел жәрдемге жол бермейтін жүргізушілер анықталмады

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда арнайы көліктерге жол бермейтін жүргізушілерді анықтау мақсатында рейд өтті. Қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жарық және дыбыс сигналдарын қосқан жедел жәрдем көлігіне еріп отырды.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 598-бабы («Арнайы жарық және дыбыс сигналдары iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көліктерінің жүруiне басымдық бермеу») 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Апаттық жағдай тудыруы мүмкін, сол себепті жолда жүру ережесін өрескел бұзушылық болып есептеледі. Арнайы қызметтердің көлігіне жол бермеген жүргізуші көмекке мұқтаж адамдардың өмірін қауіпке тігеді», - патрульді полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Қанат Әлімжанов.

Полицейлер жол қозғалысы кезінде көк және қызыл түсті жарқылдауық маягі қосылған және арнайы дыбыстық сигналы бар көліктерге басымдық берілетіндігін ескертеді. ҚР Жолда жүру ережесіне сәйкес жүргізушілер мұндай көлікке және оларға ілескен машиналарға жол берулері керек. Жүргіншілер де жол беруге міндетті. Ал арнайы көліктің жүргізушілері өз басымдықтарын оларға жол берілгеніне көз жеткізіп барып пайдалана алады.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жетіп, құралдарын дайындап үлгерулері керек. Ал жедел жәрдем қызметі үшін кейде әр секунд бағалы. Мұны жүргізушілер ұмытпаса екен. Арнайы қызметтің көмегі олардың туған-туыстарына да қажет болуы мүмкін», - дейді тәртіп сақшысы.

Рейд барысында бір де бір құқық бұзушылық анықталмады. Алайда былтыр тәртіп сақшылары арнайы қызметтердің көліктеріне жол бермеген 11 адамға айыппұл салды. Оның 10-ы облыс орталығында болған.