СҚО-да Жеңіс мерекесін биыл 52 ардагер қарсы алады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне бірреттік материалдық көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Биыл СҚО-да Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс мерекесін небәрі 52 ардагер қарсы алады. Олардың 36-сы – Петропавл тұрғындары. Мерейтойға орай майдангерлердің әрқайсысына 1 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.

«Соғыс ардагерлерінің ең жасы бүгінде 94-95-ке келген ақсақалдар. Өкінішке қарай, олардың қатары жылдан-жылға азайып барады. Үкіметіміз бұл кісілерге қамқорлықты көбейтпесе, азайтып отырған жоқ. Биыл әрқайсысы 1 млн теңгеден алды. Президенттің Жарлығына орай 9 Мамыр қарсаңында әр ардагерге мерейтойлық медальді салтанатты түрде тапсырамыз», - дейді СҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Қан майданға барып қару асынбаса да, елде отырып ерлікке пара-пар іс атқарған, яғни соғысқа қажеттінің бәрін жеткізіп тұрған тыл еңбеккерлері де ұмыт қалмады. Биыл өңірде тылда еңбек еткен жандарға 30 мың теңгеден берілді. СҚО-да қазір 7 мыңға жуық тыл еңбеккері бар екен.

«Әрбір он оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған. Оған біздің үлесіміз зор деп есептейміз. Тек 1941 жылы облысқа 20-ға жуық түрлі зауыт-кәсіпорын эвакуацияланған екен. Колхоздар мен совхоздарда да күндіз-түні жұмыс қызып тұрды. Соғыс кезінде өңір жұмысшылары жауынгерлерге 88 вагон сыйлық жіберген екен. Басқасын айтпағанның өзінде. Сондықтан тыл еңбеккерлерінің де соғыста жеңіп шығуымызда қосқан үлесі зор», - дейді Ескендір Елеусізов.


Соңғы жаңалықтар