СҚО-да жерінен айырылған кәсіпкердің құқығы қорғалды
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Есіл ауданының әкімдігі Петровка ауылы тұрғындарын ауласындағы жекеменшік малын жаю үшін жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпек болған.
Сол үшін жергілікті аграрийден ауданы 290 га жер учаскесін алып қою туралы қаулы шығарған.
Өткен жылдың соңында Петровка ауылы тұрғындарының қатысуымен жиын өтіп, онда жайылымдар мен шабындық алқаптардың жетіспеушілігі мәселесі қаралған.
Жергілікті билік ауылдық округ тұрғындары жиынының хаттамасын негізге алып, қаулы шығарған.
Алайда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның нормаларына сәйкес, жер учаскелерін алып қою немесе жер учаскесін жалға алу мерзімін тоқтату туралы мәселені қарау жергілікті қоғамдастық жиындарына бекітілмеген.
Кәсіпкер өз құқығын қорғау үшін СҚО кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен бірлесіп сот органдарына талап арыз дайындау бойынша консультативтік көмек көрсетілді.
Алайда Есіл ауданының әкімдігі СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі шыққанға дейін алдын ала әрекет етіп, жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулының күшін жойды.