СҚО-да жеті көпбалалы ана праймеризге қатысуға тілек білдірді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында праймеризге қатысуға 400-ден астам адам тілек білдірсе, соның жартысына жуығы - әйелдер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметованың айтуынша, бүгінге дейін 405 адам өтініш беріп үлгерді, оның 173-і - әйелдер. Арасында 7 көпбалалы ана да бар.

«Үміткерлердің орташа жасы – 35 пен 50 шамасында, олардың үлесі 46% құрайды. Ал 24% - 35 жасқа дейінгілер. Праймеризге қатысуға ниеттенгендердің 49% - білім саласының қызметкерлері, 12% - шағын және орта бизнес өкілдері. Сондай-ақ, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларының өкілдері де бар», - дейді Әсем Рахметова.

Қоғам белсендісі, Петропавлдағы морж клубының мүшесі, әрі негізін қалаушы Ерік Мағамбетов «Nur Otan» партиясынан қалалық мәслихаттың депутаты болғысы келеді. Ол алғашқылардың бірі болып праймеризге қатысуға өтініш берді.

Ерік Мағамбетов «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының облыстық штабын басқарды. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде ол волонтерлікке бет бұрды. Морж клубының басқа мүшелерімен бірге қаражат жинап, 70-ке жуық отбасына азық-түлікпен көмектесті.

М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сәкен Әмрин «Nur Otan» партиясының кадрлық резервінде тұр. Ол да кандидатурасын ұсынды.

«Біздің бастауыш партия ұйымының негізгі құндылығы – адамдар. Құрамында 12 дәрігер бар. Олар денсаулық сақтау саласында ұзақ уақыт жұмыс істеп келеді. Партияның қандай бастамалары болмасын қолдау көрсетуге әзір. Біздің партиялықтар халықты «Электронды кезек», «SKOmed» бағдарламаларымен жұмыс істеуге үйретуге бастама көтерді. Бұл жоба бастауыш партия ұйымының негізінде екі жылдан бері жұмыс істеп келеді», - дейді Сәкен Әмрин.

Праймеризге қатысушылардың үгіт-насихат жұмыстары 7 қыркүйекте басталып, 3 қазан күні аяқталады. Оны кандидаттар өз қаражатына жүргізеді.

Сондай-ақ олар дебатқа қатысуға міндетті. Қалалық, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер бір дебатқа қатысса, облыстық мәслихатқа кандидаттар – екі, ал Мәжіліс депутаттығына ниет білдіргендер - үш жарыссөзге қатысуы тиіс.

Дауыс беру 1-3 қазан аралығында онлайн өтеді. Ал қағаз бюллетеньмен 3 қазан дауыс беруге болады.


Соңғы жаңалықтар
telegram