СҚО-да жігіт 1,2 кг гашиш майын киіміне жасырып өткізбек болған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер есірткі арнасының жолын кесіп, айналымнан ірі мөлшерде гашиш майы мен синтетикалық есірткіні алды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тәртіп сақшылары «Audi» автокөлігін тоқтатқан. 26 жастағы жолаушының күртесінің ішінен вакуумды қаптамаға салынған сары түсті желе тәрізді зат оралған түйіншек табылды.
Сараптама нәтижесінде оның салмағы 1200 грамм болатын гашиш майы екені анықталды. Полицейлердің айтуынша, бұл 3 мыңнан астам адамды нашақорлыққа тартуға жетеді.
Күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту барысында тәртіп сақшылары сондай-ақ, арнайы орындарға жасырып салуға дайындалған есірткі орамдарын тапты. 100 грамм α-PvP синтетикалық есірткі, электронды таразылар және тыйым салынған заттарды өлшеп-орауға арналған өзге де құралдар тәркіленді.
Қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да полицейлер есірткі жеткізудің 10 арнасының жолын кесті.
Бұған дейін Алматыда 20 жастағы курьерден 2,5 келі есірткі тәркіленгенін жазған едік.