СҚО-да жыл басынан бері 700-ге жуық шетелдік жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 45 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды.

СҚО-да жыл басынан бері 700-ге жуық шетелдік жауапқа тартылды
Фото: СҚО Полиция департаменті

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны такси жүргізушісінің дөрекілігіне шағымданды. Тексеру барысында полицейлер жүргізушінің Тәжікстанның 42 жастағы азаматы екенін анықтады. Ол көші-қон заңнамасын бұзған екен.

миграция
Фото: СҚО Полиция департаменті

Ер адам жолаушылар тасымалымен айналысқан. Алайда Қазақстанға кірген кезде жұмыс істейтінін немесе кәсіпкерлік қызметті көрсетпеген. Бұған қоса, бұрын дәл осы себеппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп сақшылары бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық бойынша материал жинап, әкімшілік сотқа жолдады.

Сот шешімімен ер адамға бір тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, кейін Қазақстан Республикасынан бес жыл мерзімге шығару белгіленді.

миграция
Фото: СҚО Полиция департаменті

Жыл басынан бері СҚО-да 679 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 633-і көші-қон заңнамасын бұзған. 45 шетелдік елден шығарылса, 152-сінің ел аумағында болу мерзімі қысқартылды.

Бұған дейін елде шетел азаматтарына тұрақты тұруға рұқсат алу үшін сұранысқа ие мамандықтар тізімін айтарлықтай кеңейту жоспарланғанын жазған едік.