СҚО-да жылқы сүйегіне қақалған ер адам өлім аузынан қалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында кешкі асқа жылқы етін жеген ер адам, ауруханадан бір-ақ шықты.
Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, 66 жастағы зейнеткер дәрігерлерге төсінің, мойнының маңы ауыратынын және өзін жайсыз сезініп, жүрегінің айнығанына шағымданған.
Сырқаттың сөзінше, ол кешке тамақтанып отырған кезде жылқы сүйегінің өткір сынығын байқамай жұтып қойған. «Өзі кетеді» деп аса мән бермеген ер адам, ауырғаны басылмаған соң уақытты созбай, көмекке жүгінген.
Қарап-тексергеннен кейін бірден дәрігер-эндоскопист шұғыл түрде шақыртылды.

- Сүйектің өте өткір екені және оның өңештің шырышты қабығына екі жақтан қадалып тұрғаны анықталды. Жергілікті анестезиямен сүйекті алып шығу мүмкін болмаған соң, сырқатқа ота жасауға шешім қабылданды. Жалпы наркозбен, техникалық қиындықтармен бөгде зат өңештен алынды, - дейді аурухана дәрігерлері.
Қазір сырқат хирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты болғанымен әлі де орташа ауыр.
- Операцияға дейін ғана емес, ота кезінде де қауіп болды. Мұндай жағдайларда эндоскописттің жұмысы асқан дәлдікті қажет етеді. Дұрыс емес қимыл өңештің жыртылып, қан кетуіне әкелуі мүмкін. Дәрігердің тәжірибесі, команданың үйлесімді жұмысы және сырқаттың ауруханаға дер кезінде келуі – мұның бәрі отаның ойдағыдай өтуіне себеп болды, - дейді дәрігерлер.
Мамандардың айтуынша, егер ер адам көмекке жүгінуді кейінге қалдырып, уақытты оздырып алғанда, оның салдары өмірге қауіп төндіруі мүмкін еді. Мұндайда өңеш тесіліп, медиастинит, ауыр инфекция, сепсиске әкеледі.
Сондықтан тамақтану кезінде асықпай, тамақты мұқият шайнау қажет. Сүйектер болуы мүмкін жағдайда әсіресе абай болу керек. Ауырсыну, тамақта «тұрып қалу» сезімі, кеудеде немесе мойында жайсыздық болған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгінген жөн.
Бұған дейін Алматыда жүкті әйелге бір мезгілде екі ота жасалғанын жазған едік.